Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты Бас директоры, медицина ғылымдарының докторы — Ақтаева Лязат Мейрашқызы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алаңында ведомство басшысы Асқарбек Ертаев төрағалығымен өткен, жұмыс істейтін жасөспірімдердің еңбек құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарау мәселесіне арналған талқылауға қатысты.
Талқылауға институт мамандары жүргізген ауқымды социологиялық зерттеу нәтижелері негіз болды. Зерттеу Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Маңғыстау облыстарында жүргізіліп, оған 97 мыңға жуық респондент қатысты. Оның ішінде 50 мыңнан астам жұмыс істейтін жасөспірімдер, 46 мыңнан астам ата-аналар мен заңды өкілдер, сондай-ақ жұмыс берушілер қамтылды.
Зерттеу нәтижесі жасөспірімдер үшін алғашқы еңбек тәжірибесі экономикалық қажеттіліктен емес, әлеуметтік бейімделу, дербестік пен алғашқы кәсіби дағдыларды қалыптастырудың маңызды кезеңі екенін көрсетті.
Қорытындысында сарапшылар мемлекеттік бақылау жүйесіне тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуді, сондай-ақ жас қызметкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында еңбек инспекциясы, полиция органдары және білім беру жүйесі арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.



