ЕҚРҒЗИ-де еңбек жағдайларын бағалау және кәсіптік тәуекелдерді басқару бойынша шеберлік сабағы өтті

2026 жылғы 19 қарашада Астана қаласында Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында «Еңбек жағдайларының өзгерістерін бағалаудың практикалық құралдары және оларды кәсіптік тәуекелдерді басқаруда қолдану» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.

Іс-шара «Жасыл экономикаға» көшу шеңберінде еңбек жағдайлары мен кәсіптік тәуекелдерді жіктеу, санаттау және топтастыру өлшемшарттарына арналған ғылыми-техникалық бағдарлама және «Өндірістік орта мен еңбек процесінің көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау және жіктеу» оқу модулі аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Институттың 9 филиалының өкілдері мен қызметкерлері қатысты.

Шеберлік сабағын ЕҚРҒЗИ Ғылыми зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Едильбаева және медицина ғылымдарының кандидаты, «Петр Поспелов атындағы Қарағанды медицина институты» КеАҚ қауымдастырылған профессоры Жеңісбек Жарылқасын өткізді.

Іс-шара барысында еңбек жағдайларын бағалау, зиянды және қауіпті өндірістік факторларды анықтау, кәсіптік тәуекелдерді басқару және кәсіптік аурулардың алдын алу мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар, Институттың комплаенс-офицері қызметтік әдеп, мінез-құлық мәдениеті, мүдделер қақтығысына жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды.

Қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, өндірістік жағдайларды талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.

← Барлық жарияланымдарға