Институтта Бас директордың міндетін уақытша атқарушы тағайындалды

2026 жылғы 14 тамызда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Аппаратының басшысы Н.Т. Төлеевтің төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті.

Кеңеске Институт басшылығы, өңірлік филиалдардың және ЕҚРҒЗИ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында Институт басшылығындағы кадрлық өзгерістерге қатысты мәселелер, оның ішінде Бас директор Л.М. Ақтаеваны зейнеткерлік жасқа толуына және еңбек демалысына шығуына байланысты атқарып отырған қызметінен босату мәселесі қаралды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен тиісті конкурс өткізілгенге дейін «ҚР ЕХӘҚМ ЕҚРҒЗИ» ШЖҚ РМК Бас директорының міндетін уақытша атқару Бас директордың орынбасары А.Бекмағамбетовке жүктелді.

Бекмағамбетов Алимжан Бауржанович — заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. 2022 жылдан бастап ЕҚРҒЗИ жүйесінде Бас директордың орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның жергілікті атқарушы органдарда, квазимемлекеттік секторда, жоғары оқу орындарында және үкіметтік емес ұйымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеген мол тәжірибесі бар.

Кеңес барысында Министрлік басшылығы А. Бекмағамбетовке жаңа қызметінде табыс тілеп, еңбек заңнамасын жетілдіру, Институттың негізгі міндеттерін тиімді іске асыру және даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытында сәттілік тіледі.

Алдағы кезеңде ғылыми-зерттеу қызметін одан әрі дамытуға, еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді жетілдіруге, мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен және кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.

ЕҚРҒЗИ ұжымы Институтты одан әрі дамытуға және еңбекті қорғау саласындағы міндеттерді тиімді іске асыруға бағытталған сындарлы, жемісті және нәтижелі бірлескен жұмысқа дайын екенін білдірді.

А. Бекмағамбетовке зор денсаулық, кәсіби табыс, толағай жетістіктер және жаңа нәтижелер тілейміз!

← Барлық жарияланымдарға