Қазақстанда асыраушысынан, яғни еңбек етіп, отбасын асырап отырған адамынан айырылған жағдайда көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың сенімді әрі әділ жүйесі қалыптасқан.
Мұндай жағдайда мемлекет отбасына қолдау көрсетіп, тұрақты қаржылай көмектің екі түрін ұсынады.
Мынаны білу маңызды: егер азамат ресми түрде еңбек етіп, ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, оның отбасы мүшелері қосарлы әлеуметтік қорғауға ие болады:
- республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік базалық жәрдемақы. Бұл – асыраушысынан айырылған әрбір еңбекке жарамсыз отбасы мүшесіне асыраушының еңбек өтіліне, жұмыспен қамтылуына және жалақысының мөлшеріне қарамастан төленетін кепілді төлем;
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) төленетін қосымша әлеуметтік төлем. Бұл – мемлекеттік жәрдемақыға қосымша тағайындалатын және әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда отбасыға көрсетілетін қаржылай қолдау.
Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Ол ең алдымен асыраушы үшін Қорға әлеуметтік аударымдардың қанша уақыт бойы төленгеніне және оның ресми табысының мөлшеріне байланысты.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым ұзақ әрі ресми жалақысы жоғары болған сайын, оның жақындарына көрсетілетін қаржылық қолдау да соғұрлым жоғары болады.
Төлемдер кімдерге және қанша уақытқа тағайындалады?
Жүйенің басты басымдығы – балалардың болашағын қорғау.
Бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақы мен Қордан берілетін асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің әрқайсысына тағайындалады:
- 18 жасқа дейінгі балаларға;
- күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан 23 жасқа дейінгі студенттерге;
- асыраушының сегіз жасқа толмаған балаларына, үш жасқа толмаған бауырларына немесе немерелеріне күтім жасайтын ата-анасының біріне не жұбайына.
Құжат жинап, кезекте тұрмай-ақ рәсімдеуге болады
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу үдерісі барынша жеңілдетіліп, цифрландырылған.
Отбасыға қажетті құжаттарды жинап, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ.
Асыраушысынан айырылу фактісі мемлекеттік дерекқорларда тіркелгеннен кейін жүйе азаматтардың төлем алу құқығын автоматты түрде тексереді. Содан соң көмекті бір батырманы басу арқылы рәсімдеуге мүмкіндік беретін проактивті SMS-хабарлама жібереді.
Сонымен қатар азаматтар төлем тағайындау үшін eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-ға жүгіну құқығын сақтайды.
Әр қазақстандықтың ресми жұмыспен қамтылуы оның жақындары үшін сенімді әлеуметтік сақтандыру қорғанысына айналады. Бұл қандай жағдай болмасын, балаларының қаржылай қолдаусыз қалмай, білім алуын жалғастыруына мүмкіндік береді.
Осы жылдың 10 айында асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемді 69,3 мың отбасы алып, оларға жалпы сомасы 37,4 млрд теңге төленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, Қордан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлемнің қалай есептелетінін келесі материалда егжей-тегжейлі баяндайды.



