2026 жылғы 29 қазанда Малайзияның Куала-Лумпур қаласында Азия-Тынық мұхиты өңірінің еңбек қауіпсіздігі және еңбек гигиенасы жөніндегі ұйымының (APOSHO) 40-шы халықаралық конференциясы аясындағы іс-шаралар өтті. Конференция еңбекті қорғау, кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және өндірістік қауіпсіздікті басқару жүйелерін жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналды.
Халықаралық конференцияға Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының (ЕҚРҒЗИ) Ғылыми зерттеулер орталығының өкілдері — жетекші ғылыми қызметкер, химия ғылымдарының кандидаты Эльмира Құлмағамбетова және жетекші ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Гүлназия Алшынбекова қатысты.
Конференция аясында Эльмира Құлмағамбетова «Тау-кен өндіру кәсіпорындарының еңбекті қорғауды басқару жүйесіне интеграцияланған кәсіптік тәуекелдерді динамикалық бағалау әдістемесін әзірлеу және валидациялау» тақырыбында ғылыми баяндама жасады.
Баяндамада тау-кен өндіру саласындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау тәсілдерін жетілдіру, оның ішінде еңбекті қорғауды басқару жүйелерінде тәуекелдерді динамикалық бағалау әдістерін қолдану мәселелері қамтылды. Аталған ғылыми бағыт профилактикалық шараларды дамыту, өндірістік қауіптерді уақтылы анықтау және жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін арттыру тұрғысынан практикалық маңызға ие.
Іс-шара барысында Институт өкілдері шетелдік әріптестерге 2027 жылғы 28–30 сәуірде өткізілуі жоспарланған KIOSH 2027 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан халықаралық іс-шарасы туралы ақпарат беріп, оларды қатысуға шақырды.
APOSHO 40 конференциясы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдар өкілдерінің кәсіби тәжірибе алмасуына және еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасын қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылауына мүмкіндік берді.
ЕҚРҒЗИ қызметкерлерінің халықаралық конференцияға қатысуы ғылыми және кәсіби байланыстарды кеңейтуге, шетелдік тәжірибені зерделеуге және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.



