2026 жылғы 10 қарашада Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтында Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) миссиясының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу Қазақстанда «көгілдір экономиканы» дамыту жағдайындағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері мен ынтымақтастық перспективаларына арналды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Су ресурстары министрлігінің ұлттық консультанты Нұртуған Ерикенов, ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық жоба үйлестірушісі Сәуле Исабекова және ХЕҰ-ның кәсіпорындарды дамыту және жасыл жұмыс орындарын құру жөніндегі аға маманы Кристина Мартинес қатысты.
Қатысушылар қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, кәсіптік тәуекелдерді бағалау және қызметкерлерді экологиялық әрі технологиялық өзгерістерге бейімдеу мәселелерін талқылады.
ЕҚРҒЗИ «жасыл» экономикаға көшуге байланысты ғылыми бағыттарды таныстырды. Атап айтқанда, Бекмагамбетов А.Б. «Жасыл экономикаға көшу жағдайындағы еңбек жағдайлары мен кәсіптік тәуекелдер: жіктеу, санаттар және топтастыру критерийлері» (2024–2026 жж.) тақырыбындағы зерттеуі, сондай-ақ Насырова Г.А. «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы жасыл тәсілдер» бағыты ұсынылды.
Кездесу Қазақстан экономикасының орнықты дамуы жағдайында еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы алдағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылаудың маңызды қадамы болды.



