🔹Ақcай қаласында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының мамандарына арналған кәсіби тәуекелдерді бағалау бойынша оқыту өтуде

2026 жылғы 20–21 қазан, Ақсай қаласы — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты (ЕҚРҒЗИ) «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының денсаулықты қорғау бөлімінің мамандарына арналған «Кәсіби тәуекелдерді бағалау» тақырыбында оқыту жүргізуде.

Оқыту жұмыс орындарындағы қауіпті факторларды анықтау, кәсіби тәуекелдерді бағалау және оларды төмендету шараларын әзірлеу саласындағы практикалық құзыреттерді дамытуға бағытталған. Өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алуға, сондай-ақ кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізуге ерекше назар аударылады.

Оқыту аясында 2024–2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының негізгі ережелері, кәсіби тәуекелдерді басқарудың мемлекеттік стратегиясы, еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, еңбек жағдайларын бақылау мен мониторингтеудің тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылады.

Оқыту бағдарламасы қауіпті факторларды анықтау әдістерін, еңбек жағдайларын жіктеуді, тәуекел санаттарын айқындауды, тәуекелдер матрицасын қолдануды және кәсіби тәуекелдерді басқарудың негізгі қағидаттарын қамтиды. Сонымен қатар тыңдаушылар тәуекелдерді бақылау шараларының иерархиясын және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін мониторингтеу тәсілдерін зерделейді.

Сабақты ЕҚРҒЗИ қызметкерлері: Бірыңғай оқу-әдістемелік орталығының басшысы Г.М. Рахимова және Кәсіби тәуекелдерді бағалау орталығының басшысы Ж.Х.Есбенбетова жүргізеді.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін қорытынды шығару және тыңдаушылардың білімін тексеруге арналған тестілеу өткізу көзделген.

Мұндай оқыту іс-шараларын өткізу кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдерін таратуға, қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша жүйелі жұмысты қалыптастыруға ықпал етеді.

ЕҚРҒЗИ қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың превентивті тетіктерін енгізуге жәрдемдесе отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттерді дамыту жұмысын жалғастыруда.

← Барлық жарияланымдарға