2026 жылғы 16 қыркүйекте «Астана медицина университеті» КеАҚ ғимаратында «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК мен «Астана медицина университеті» КеАҚ арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
ЕҚРҒЗИ атынан құжатқа Бас директордың м.а., з.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бекмағамбетов Алимжан Бауыржанұлы, ал Астана медицина университеті атынан – Басқарма төрағасы – Ректор Тұрмұхамбетова Анар Ақылбекқызы қол қойды.
Меморандум ғылыми зерттеулер, білім беру, кадрлар даярлау, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, кәсіптік тәуекелдерді басқару және цифрландыру салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және ғылыми жарияланымдар дайындау, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, практика мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу, сондай-ақ цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект технологияларын білім беру мен еңбекті қорғау салаларына енгізу жоспарлануда.
🤝 ЕҚРҒЗИ жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыстарды одан әрі дамытып, бірлескен бастамаларды іске асыруға және ғылыми-әдістемелік тәжірибе алмасуға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.



