«Конверттегі» жалақы: жұмыскердің тәуекелдері мен жұмыс берушінің жауапкершілігі

Ресми жалақы – адамның еңбегіне төленетін ақы ғана емес, оның әлеуметтік қорғалуының да негізі. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері, зейнетақы жинақтары және табысынан айырылған жағдайда отбасының қаржылық жағдайын сақтау мүмкіндігі жалақының толық көрсетілуіне және міндетті төлемдердің уақтылы аударылуына байланысты.

Жалақысын толық алатын адам қажет болған жағдайда өзіне тиесілі әлеуметтік қолдауды аламын деп күтеді. Алайда осындай жағдай туындағанда оның нақты табысының қанша бөлігі ресми көрсетілгені маңызды болады. Өйткені әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде әлеуметтік аударымдар жасалған кіріс ескеріледі.

Көбіне мәселе нақты жалақының бір бөлігі жасырылып, одан төленуге тиіс салықтар мен міндетті төлемдердің толық аударылмауынан туындайды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылған жағдайда қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылған кезде әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Ресми жалақының төмен көрсетілуі болашақ әлеуметтік төлемнің мөлшерін азайтуы мүмкін. Мұның салдары әсіресе адамның тұрақты табысы тоқтап, ал отбасының шығындары бұрынғы деңгейде қалған немесе көбейген кезде сезіледі.

Мұны шартты мысалмен түсіндіруге болады. Егер бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді есептеу үшін соңғы 24 айдағы орташа айлық кіріс 300 мың теңге деп алынса, 40 пайыздық коэффициент бойынша ай сайынғы төлем 120 мың теңгені құрайды. Ал жалақы толық көрсетілмегендіктен, есепке алынатын орташа айлық кіріс 150 мың теңге болса, төлем 60 мың теңге болады.

Осылайша, ай сайынғы айырмашылық 60 мың теңгені құрайды. Бұл сомалардан міндетті зейнетақы жарналары әлі ұсталмаған. Төлемнің нақты мөлшері әр адамның жеке деректері мен заңнамада белгіленген шектеулерге сәйкес есептеледі. Отбасы үшін бұл айырмашылық баланың тамағына, киіміне және басқа да күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалатын қаражаттың азаюына әкелуі мүмкін.

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде алдыңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жасалған кіріс ескеріледі. Сондықтан адамның нақты жалақысы жоғары болса да, оның бір бөлігі ресми көрсетілмесе, алатын төлемі күткеннен аз болуы мүмкін.

← Барлық жарияланымдарға