Еңбек министрлігі 2027 жылғы 11 қаңтардан бастап әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен әділдігін арттыруға бағытталған пилоттық жобаны іске қосады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, оның атаулылығын арттыру және мемлекеттік ресурстарды әділ бөлуді қамтамасыз ету мақсатында пилоттық жобаны іске қосады.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды отбасылардың нақты материалдық жағдайын ескере отырып көрсету және бюджет қаражатын, ең алдымен, мемлекет көмегіне шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау.

Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың түрлі санатын қамтып, әлеуметтік төлемдер мен қолдау шараларының кең ауқымын ұсынады. Сонымен қатар жекелеген әлеуметтік көмек түрлерін тағайындаудың қолданыстағы тетіктері алушылардың нақты материалдық жағдайын әрдайым толық ескере бермейді.

Сондықтан табысы жоғары әрі ауқатты отбасылар да өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен бірдей мемлекеттік қолдау алуы мүмкін.

Министрлік әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін жетілдіру, оның атаулылығы, әлеуметтік әділдігі және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру бағытында жұмыстарды жүргізуде.

Пилоттық жоба аясындағы жаңа тәсілдер отбасының материалдық жағдайын бағалау нәтижесінде әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттарға жатқызылған отбасылар алатын 36 әлеуметтік төлемнің 12 түрі бойынша қолданылады.

Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартуды білдірмейтінін, керісінше, мемлекеттік қолдауды бөлу тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өткен жөн.

Өзгерістердің басты қағидаты – әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерінің көлемі мен сипатын азаматтардың нақты қажеттіліктері мен отбасыларының материалдық мүмкіндіктерін ескере отырып айқындау.

Мұндай тәсіл әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыруға, бюджет қаражатын неғұрлым әділ бөлуге және мемлекет қолдауына аса мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмекті күшейтуге мүмкіндік береді.

Пилоттық жобаны іске асыру барысында азаматтардың құқықтарын қорғауға, отбасылардың материалдық жағдайын объективті бағалауға және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді негізсіз шектеуге жол бермеуге ерекше мән беріледі.

Осы мақсатта әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың қолданыстағы тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізу, ұсынылып отырған өзгерістердің ықтимал әлеуметтік салдарын бағалау және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, тиісті шешімдер әзірлеу көзделген.

Аталған жұмысты үйлестіру үшін Еңбек министрлігінің базасында арнайы жобалық офис жұмыс істейді.

← Барлық жарияланымдарға