Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың қаржылық қорғалуын қамтамасыз етуге, денсаулығын сақтауға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған әлеуметтік кепілдіктерді нығайту жұмыстарын жалғастыруда.
Бұл бағытта қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ЖОМС) жүйесі маңызды рөл атқарады. Ол өндірісте зардап шеккен қызметкерлер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетіп қана қоймай, жұмыс берушілердің де қаржылық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2005 жылдан бері қолданыстағы ЖОМС жүйесі өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру салдарынан адам өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді көздейді.
Бұл жүйенің маңызы әсіресе жазатайым оқиға салдарынан азаматтың ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болып қалуы, отбасы табысының төмендеуі немесе асыраушысынан айырылуы жағдайында арта түседі.
Сонымен қатар сақтандыру қорғанысы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлеріне ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де қажет. Өйткені өндірістегі ауыр жазатайым оқиғалар кез келген салада болуы мүмкін. Ал келтірілген зиянды өтеуге байланысты міндеттемелер шағын кәсіпорындар үшін елеулі қаржылық ауыртпалыққа айналуы ықтимал.
Заңнамада кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесіне қарай жауапкершілікті бөлу тәртібі қарастырылған.
Егер еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейі 5%-дан 29%-ға дейін болса, жоғалтқан жалақыны өтеу міндеті жұмыс берушіге жүктеледі. Ал бұл көрсеткіш 30%-дан 100%-ға дейін болған жағдайда тиісті төлемдерді белгіленген тәртіппен сақтандыру ұйымы жүзеге асырады.
ЖОМС жүйесі жоғалтқан жалақыны өтеумен қатар, емделуге, дәрі-дәрмек сатып алуға, протездеуге, бөгде адамның күтіміне және шипажайлық-курорттық емделуге жұмсалған белгілі бір қосымша шығындарды да өтеуді көздейді.
Соңғы жағдайда белгіленген талаптар сақталған кезде өтемақы мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетуі мүмкін.
Қызметкер қайтыс болған жағдайда сақтандыру төлемдері оның отбасы мүшелеріне және зиянды өтеуге құқығы бар өзге де адамдарға қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл ретте сақтандыру ұйымының төлем жасау міндеттемелері бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін.
2026 жылы ЖОМС бойынша ең төменгі жылдық сақтандыру сыйлықақысы 85 мың теңгені құрайды. Ал оның нақты мөлшері кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорына және кәсіби тәуекел класына байланысты айқындалады.
Сонымен қатар ЖОМС жүйесінің әлеуметтік маңызы жазатайым оқиғалардың салдарын өтеумен ғана шектелмейді.
2024 жылдан бастап жұмыс берушілерге өндірістік жарақаттанудың алдын алуға жұмсалған шығындардың сақтандыру сыйлықақысының 6%-ына дейінгі бөлігін өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, қызметкерлерді оңалтуға жұмсалған шығындарды өтеу тетігі де қолданылады. Бұл жағдайда да өтемақы мөлшері 6%-ға дейін төленеді.
Екі жағдайда да белгіленген талаптар сақталып, нақты жұмсалған және тиісті құжаттармен расталған шығындар ғана өтеледі.
Әлеуметтік қорғаудың тағы бір маңызды бағыты – 55 жасқа толған және ұзақ жылдар бойы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген азаматтарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем.



