Саналы таңдау: 900-ден астам қазақстандық әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

«Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисі іске қосылғалы бері eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы әлеуметтік төлем алушылардың 900-ден астамы осы мүмкіндікті пайдаланды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сервис пайдаланушыларының профильдеріне талдау жүргізді.

Сервис деректеріне сәйкес, әлеуметтік төлемдерден көбіне тұрақты жеке кәсібі мен жоғары табысы бар, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанына (оның ішінде элиталық тұрғын үйге) және көлік құралдарына иелік ететін азаматтар бас тартады. Себебі олардың отбасылық бюджетінде мемлекеттік жәрдемақының рөлі айтарлықтай емес.

Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі төрт кәмелетке толмаған баласы бар алты адамнан тұратын отбасының ай сайынғы ресми табысы 3,8 миллион теңгеден асқан. Бұл отбасы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты, себебі отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа айлық табыс 636 мың теңгеден асады.

Жоғары табыстан бөлек, отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй нысаны, жер учаскесі және автокөліктер бар.

Оңтүстік өңірдегі тағы бір отбасының мүшелері жалдамалы жұмыспен қатар жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй нысаны мен жер учаскелері бар.

Еліміздің орталық өңірінде тұратын, мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан тағы бір ауқатты отбасы жеті адамнан, оның ішінде бес кәмелетке толмаған баладан тұрады. Отбасының ай сайынғы ресми табысы 2,3 миллион теңгеден асады.

Бұл отбасы да жеке кәсіппен айналысады. Сонымен қатар меншігінде элиталық тұрғын үй, жер учаскелері, жеңіл автокөліктер және коммерциялық көлік бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай қадамды табысы жоғары әрі тұрмыстық жағдайы жақсы азаматтардың жеке әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ретінде бағалайды.

Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – әр азаматтың өз еркімен қабылдайтын жеке шешімі. Мұндай шешімдер мемлекеттік қолдауды оған көбірек мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте төлемдерден өз еркімен бас тарту азаматты болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан айырмайды. Егер өмірлік жағдайы өзгеріп, материалдық ахуалы төмендесе, азамат кез келген уақытта жалпы тәртіппен жәрдемақы тағайындауға қайта өтініш бере алады.

Еңбек министрлігі азаматтарға қауіпсіздік ережелерін де еске салады. Сервис тек eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында жұмыс істейді. Ведомство мессенджерлер немесе SMS арқылы «төлемдерден бас тартуға» арналған сілтемелер жібермейді, сондықтан тек ресми ресурстардағы ақпаратқа сену қажет.

🔗 Толығырақ

← Барлық жарияланымдарға