Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарды жеке қабылдады. Астана қаласы мен Маңғыстау облысының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді.
Қабылдауға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің, министрліктің бейінді департаменттерінің басшылары, сондай-ақ Астана қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының және комитеттердің аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.
Өтініш білдірген азаматтар жұмысқа орналасу, жұмыстан босату кезінде еңбек құқықтарының сақталуы, сондай-ақ отбасында мүгедектігі бар адам болса, қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні жөнінде мәселелер көтерді.
Министрдің тапсырмасы бойынша әрбір өтініш егжей-тегжейлі қаралады. Еңбек министрлігінің мамандары жергілікті уәкілетті органмен бірлесіп, барлық мәселені жан-жақты зерделеп, белгіленген мерзімде нақты шаралар қабылдайды.
Жеке қабылдау барысында берілген барлық тапсырманың орындалуы министрдің бақылауында.




