Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыруға бағытталған цифрлық сервистердің жұмыс тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. Бұған дейін әл-ауқатты бағалау калькуляторы туралы ақпарат берілген. Енді «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисін қалай пайдалануға болатынын, өтінішті үш қадаммен қалай беруге және қажет болған жағдайда әлеуметтік жәрдемақыны қайта тағайындауға қалай өтініш білдіруге болатынын түсіндіреміз.
Еске салайық, «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисі eGov Mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында материалдық әл-ауқаты жоғары және ауқатты санатқа жататын жәрдемақы алушылар үшін қолжетімді.
Сервисті кез келген уақытта пайдалануға болады.
Барлық рәсім толығымен цифрландырылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтініш беру процесі үш қарапайым қадамға бөлінген.
Бірінші қадам – жүйеге кіру және деректерді тексеру
Сервисті пайдалану үшін, ең алдымен, eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіресіз немесе eGov Mobile қосымшасын ашасыз.
Жүйе сізді дерекқордан автоматты түрде анықтап, экранға жеке мәліметтеріңізді шығарады. Атап айтқанда, тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, туған күні және тіркелген мекенжайы көрсетіледі.
Екінші қадам – төлем түрін таңдау
Жеке мәліметтеріңіздің астында мемлекеттен алып жүрген барлық жәрдемақыларыңыз бен әлеуметтік төлемдеріңіздің тізімі көрсетіледі.
Осы жерден бас тартқыңыз келетін төлемді өзіңіз таңдап, тиісті белгі қоюыңыз қажет.
Бір ғана төлемнен немесе бірден бірнеше төлемнен бас тартуға болады. Таңдау аяқталған соң «Қол қою және жіберу» батырмасын басыңыз.
Үшінші қадам – шешімді растау және нәтижесін алу
Экранда әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тартатыныңызды растау туралы ескерту хабарламасы пайда болады.
Егер осы сәтте шешіміңізді өзгертсеңіз, «Болдырмау» батырмасын басу жеткілікті.
Ал шешіміңіз нақты болса, «Растау» батырмасын басыңыз.
Осыдан кейін экранда «Ерікті түрде бас тарту туралы өтініш сәтті жіберілді» деген хабарлама пайда болады.
Өтініштің нәтижесі көрсетілгеннен кейін қысқаша сауалнама ашылады. Онда сіз сервистің жұмысына бес балдық шкала бойынша баға беріп, өз пікіріңізді қалдыра аласыз.
Кері байланыс біз үшін өте маңызды. Өйткені азаматтардың ұсыныстары сервисті одан әрі жетілдіріп, оны барынша қолайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Бұл сервис – әр азаматтың жеке құқығы мен ерікті таңдауы. Мемлекет тарапынан ешқандай міндеттеу немесе шектеу қарастырылмаған.
Егер уақыт өте келе материалдық жағдайыңыз өзгеріп, әлеуметтік қолдауға қайта мұқтаж болсаңыз, жәрдемақы тағайындау туралы кез келген уақытта қайта өтініш бере аласыз.
Назар аударыңыз! Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту сервисі тек eGov Mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында жұмыс істейтінін ескертеді. Жеке деректеріңіздің алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеу үшін күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және ресми емес ресурстар арқылы жеке мәліметтеріңізді енгізбеңіз.



