🔹 ЕҚРҒЗИ ғалымдары Дубайда өтіп жатқан өмір туралы ғылымдар және денсаулық сақтау жөніндегі халықаралық конференцияға қатысуда

2026 жылғы 16–17 қарашада Дубай қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) өмір туралы ғылымдар және денсаулық сақтау жөніндегі халықаралық конференция өтуде. Ғылыми бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – медицина қызметкерлерін зиянды биологиялық факторлардың әсерінен қорғау және кәсіптік тәуекелдердің алдын алу тәсілдерін жетілдіру.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының (ЕҚРҒЗИ) Ғылыми зерттеулер орталығының қызметкерлері – жетекші ғылыми қызметкер, химия ғылымдарының кандидаты Исамадиева Г.Е. және аға ғылыми қызметкер Сагиндикова Н.Т. қатысуда.

Конференция аясында Гүлнара Исамадиева «Зиянды биологиялық факторлардан ұжымдық қорғаудың басымдығы. Халықаралық реттеу және оның денсаулық сақтау саласы үшін маңызы» тақырыбында ғылыми баяндама жасады.

Өз баяндамасында ол жұмыс орындарында биологиялық факторлардың әсерін болдырмауға бағытталған халықаралық тәсілдерді, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) құжаттарын, Еуропалық одақтың директиваларын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарын қарастырды.

Медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуінде ұжымдық қорғаныс шараларының маңызына ерекше назар аударылды.

Баяндамада биологиялық факторлардың әсерін азайтуға бағытталған инженерлік шешімдер, атап айтқанда, желдету, сүзгілеу және оқшаулау жүйелері ұсынылды. Сонымен қатар ұжымдық қорғаныс шараларын таңдаудың төрт кезеңнен тұратын алгоритмі таныстырылды. Ол нақты әсер ету деңгейін бағалауды, оны қажетті деңгейге дейін төмендету көрсеткішін анықтауды, тиісті қорғаныс шараларын таңдауды және олардың тиімділігіне кейінгі мониторинг жүргізуді қамтиды.

Бұл ретте сақталып қалатын кәсіптік тәуекелдерді ескере отырып, ұжымдық қорғаныс шараларын жеке қорғаныш құралдарымен үйлестіруді көздейтін кешенді тәсілдің қажеттілігі атап өтілді.

Ұсынылған ғылыми тұжырымдар ұлттық талаптарды жетілдіруге, сондай-ақ ұжымдық қорғаныс шараларын таңдау және олардың тиімділігін бағалау бойынша салалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған.

Бұдан бөлек, іс-шара барысында ЕҚРҒЗИ өкілдері шетелдік әріптестеріне 2027 жылғы 28–30 сәуірде өткізу жоспарланған KIOSH 2027 Қазақстандық халықаралық еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі іс-шара туралы ақпарат беріп, оларды қатысуға шақырды.

ЕҚРҒЗИ ғалымдарының халықаралық конференцияға қатысуы ғылыми тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және еңбекті қорғау мен жұмыскерлердің денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.