Облыстық үшжақты комиссияда әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті. Оған «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ҒЗИ бас директоры Шолпан Әбікенова қатысты.
Отырысқа қатысушылар өңір кәсіпорындарында еңбек заңнамасының сақталуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
– Біздің басты мақсатымыз – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, бұл Еңбек кодексінде нақты жазылған, – деп атап өтті Асайын Байханов. – Павлодар облысы индустриялық-өнеркәсіптік өңір болып табылатындықтан біз үшін еңбек қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. 46 мыңнан астам қызметкер зиянды және қауіпті жағдайлары бар кәсіпорындарда еңбек етуде.
Облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында еңбек жағдайларының бұзылуын болдырмау үшін өндірістік кеңестер жұмыс істейді, WhatsApp желісінде сенім телефоны бар. Өткен жылмен салыстырғанда өндірісте алатын жарақаттардың 1,2%-ға төмендеуі байқалады.
Шолпан Әбікенова Еңбек министрлігі әзірлеп жатқан 2030 жылға дейінгі ҚР қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын ұсынды. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес жұмыс орнын кәсіптік тәуекел дәрежесі мен қызметкерді қорғау деңгейі бойынша саралауға сүйене отырып, әлеуметтік кепілдіктер, жеке қорғану құралдары, өтемақы төлемдері айқындалатын болады.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға кәсіпорындардағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қатаң қадағалауды, сондай-ақ, еңбек даулары туындаған кезде түйінді мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын әзірлеуді және оларды уақтылы жоюды тапсырды.